22 Тамыз, 2016

Талдықорғанда көп салалы аурухана ашылды

597 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
22.08.2016 AST Талдықорған қалалық көп салалы ауруханасының ашылу салтанатына қала  тұрғындары мен қонақтары осылай  жиналды. Халықтың осы бір қуанышын бөлісіп төл міндетін орындауға өңір  басшысы арнайы  келді. Жөн. Негізі құрылысшының еңбегі  жарыса бой көтерген нысандарының әдемілігімен, әрқандай саланы қамтығандығымен де бағаланады ғой. Десек, Алматы  облысының әкімі  Амандық  Баталовтың  жылдар бойы еткен еңбегінің жемісін талдықорғандықтар бүгінгі  мүмкіндікті  пайдалана ашық айта білді. Мұны елдің риясыз пейілі деп түсінген дұрыс. Олай  болатыны   жылдар  бойы  еткен  еңбегінің  жемісі   биыл   ерекше  көрінді. Талдықорғанды  түрлентіп, заман талабына сай  әрі  республикамыздағы   бірден  бір Оқушылар сарайы  бой көтеріп, пайдалануға берілді. Қаратал  өзенінің Талдықорған  қаласының тұсынан  өтетін  арнасын бойлата  өзіндік  үйлесімін  тауып  жайнап,  мерекелік  шараларды  өткізетін  және  тұрғындар  ертелі-кеш  серуендейтін  гүлжиек  қандай  тамаша  болды.  Енді міне, Талдықорған қалалық көпсалалы  ауруханасының  ашылу салтанаты  өтуде. «Елбасының  тапсырмасына сәйкес,  мемлекеттік бағдарлама  аясында  биылғы жылы  алтыншы  нысанды  ашып  отырмыз.  Бұл  нысанның  архитектуралық  жобасын  еліміздегі  жетекші  сәулетшілермен  бірлесе  талқылай  отырып,  бекіткен едік.  Алла нәсіп етіп,  бастаған  ісімізді  аяғына дейін  жеткізіп,  талдықорғандықтарға тағы бір тарту  жасадық.  Заман  талабына  сай  салынған  көпсалалы аурухананы  дұрыс пайдаланып,  сақтай  білу керек.  Сөз реті  келгенде  осы ойымды  ұштай түссем,  мұндай  нысандар алдағы уақытта да бой көтереді. Нақтылай түссем, Алматы – Өскемен  күрежолымен  Талдықорған қаласына  кіре берісте  жеке  тұлғалар  құрылыс жұмысын  бастаған  25 қабатты қонақ үйді  мемлекет меншігіне алып, Талдықорған  қалалық  әкімдігінің құзырына бердік.  Қаратал  өзенінің Талдықорған  қаласының тұсынан  өтер  салаларының  арасынан   Швейцариядағыдай  әдемілігімен  көрген  жанның  көзін  тойдыратындай  субұрқақ   саламыз.  Өзіміз  бастаған  театр жұмысын  аяғына  дейін   жеткіземіз.  Сонымен  қатар,  Райымбек ауданы,  Нарынқол  ауылына  баратын  күре  жолды  толық  жөндеп,  сол ауылда  осыдан  біраз   жыл   бұрын  басталып,  аяқсыз  қалған  су жүйесін  де биыл  толық  бітіріп,  нарынқолдықтарды ауыз  сумен  қамтамасыз  етеміз. Бұл  жұмыстардың  барлығына  «Нұрлы  Жол»  бағдарламасы  арқылы  37 млрд  теңгені  бюджеттен  қосымша  алдық.    Облыс  орталығы  Талдықорған  қаласына  көшіп  келгенде  бюджетіміз  24-27  млн. теңге еді.  Ал қазір  4 млрд. теңгенің үстіне шықты.  Біле білсек бұл Елбасының  сарабдал  саясатының  жемісі», деді  Амандық  Баталов. Келесі  кезекте,  медицина  саласының  ардагері  Шаймерден Садықов  дүйім  жұрттың  алдына  шығып:  «Денсаулық сақтау саласының символы – ақ халат.  Осы ақ  халатты  кірлетпеңіздер  дәрігерлер.  Жастар  оқудан  жалықпаңыздар.  Ең бастысы  шет елден  оқып,  көріп келгендеріңізді  әріптестеріңізге  үйретіңіздер.  Қадірлі  дәрігерлер,  халықты  қинамаңыздар.  Әр  адамның  өз  нәсібі  болады.  Ел  болған соң  түрлі  әңгіме  айтылады.  Бірақ  сіздерге   тағы  қайталап айтам  ақ  халатты кірлетпеңіздер.  Талдықорғанымызды  түрленткен  өңір басшысына  халықтың  атынан   айтарымыз  тек  алғыс», деді  ардагер-дәрігер. Негізі, 33885,6  шаршы  метр  жерді   алып  жатқан   ғимарат  9,3 млрд теңгеге  салынды.  12 бөлімшеде стационарлық жоғары мамандандырылған  медициналық  көмек,  стационарды алмастырушы  қызметтері көрсетіледі.  Әрқайсысы  үш  қабаттан  тұратын  4 корпусты  ауруханадағы  жайлы  бөлмелерде 300 төсек  қойылған.  Магнитті-резонанстық томограф, компьютерлік томограф, эксперттік кластағы УДЗ, Эксимер Лазер, эндобейнехирургиялық құрылғы, барокамера, гемодиализге арналған аппарат, рентгенологиялық құрал-жабдық, оттегі-стансасы  секілді заманауи  қондырғылар  ретімен  орнатылып,  іске  қосылған.  Жас  мамандар   меңгеріп  те  алған  тәрізді.  Ендігі  талап сол  құндылықты  дұрыс   пайдаланып,  халық  қажеттілігін  өтеу  керек.  Тілін  білу,  яғни  қондырғы  жазуын  дұрыс  оқу   басты  мәселе  болып  саналады. «Уақыт талабына  сай  салынып,  пайдалануға  берілген  аса ірі  көп салалы аурухананың ашылғанына  қуаныштымын.  Бұл  жерде  заманауи  қадамдар  жасауға  мүмкіндіктер  мол .  Жоғары  деңгейлі  мамандандырылған,  салаларға  қолжетімділік  орнады.   Сондықтан жан-жақтылы білікті мамандарды дайындау керек деп  санаймын.  Сол мамандар мына  көп салалы  ауруханада  орнатылған  заманауи  қондырғыларды  жете  меңгеріп,  дұрыс  оқи,   ұға  білсе,  жұмыс  та алға  жылжып  береді.  Қан тамырларына, микрохирургиялық нерв жүйесіне қатысты салалардың   жете меңгерілгені  абзал.  Кеудені ашпай ақ ішкі  клеткаларын  емдеуде  дәрігерлерге -  жетістік,  емделушілерге -   шипа қонуына тілектеспін», деді  Владимир  Крайсман  «Нұр-Авеценум»  медициналық  орталығының  директоры, медицина  ғылымдарының  кандидаты. Қорыта айтқанда,  қалыптасқан  дәстүр  бойынша  құрылысшылар  өкілі    жаңадан  салынған  ғимараттың символикалық  кілтін  Талдықорған  қалалық  көпсалалы  ауруханасының  директоры   Сәуле  Құсмолдановаға   елдің   алдында тапсырды.  Бұл    дегеніміз, ел сенімін  арқалау  болып  саналады.  Дәрігерлік  антқа  адалдық  танытып,  ақ  халатқа  кір  түсірмеу  екені  тағы  бар.  Тағы бір қуаныш – осы көп салалы ауруханаға қызметке орналасқан   7 дәрігерге   Талдықорған қаласынан 7 пәтер кілтін өңір басшысы тапсырды. Нұрбол   ӘЛДІБАЕВ Талдықорған 22.08.2016 AST-1 Фото: Жұмабай  МҰСАБЕКОВ